Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстаннан саяси баспана сұраған қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева бостандыққа шықты

Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева
Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева

13 қарашада Ақтөбедегі тергеу изоляторынан қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева бостандыққа шықты. Юлдашеваға былтыр Қарақалпақстандағы Нүкіс оқиғасынан соң өзбек билігі халықаралық іздеу жариялап, Ресейге бас сауғаламақ болған жерінен Қазақстанның батысында қамалған болатын.

2022 жылғы қарашадан бастап бір жыл бойы Ақтөбедегі тергеу изоляторында болған Юлдашеваны қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері бүгін түрмеден шыққан бойы көші-қон полициясына алып барды. Ол жерде Юлдашеваның Ақтөбедегі тұрғылықты мекенжайы анықталған.

Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, Юлдашева түрмеде отырып босқын мәртебесін сұраған. Бұл өтінішті арнайы комиссия қарашаның 24-іне қарайды. Сол кезге дейін қарақалпақ белсендісі Ақтөбеде болады. Одан кейін Алматы қаласында тұратын туыстарына бармақшы.

-Қазақ билігінен мені Өзбекстанға бермеуді сұраймын. Егер Өзбекстанға беретін болса, ол жақта мені азаптау, қорлау күтіп тұр. Маған босқын мәртебесін беріп, өміріме араша түсуін сұраймын,- деді Юлдашева Азаттыққа түрмеден шыққан соң берген сұқбатында.

Қазақстандағы адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі халықаралық бюроның Ақтөбе бөлімшесінің жетекшісі Ирина Гольцварттың сөзінше, Тілеубике Юлдашеваға былтыр берілген "Қазақстаннан пана іздеуші куәлігінің" мерзімі биыл 3 желтоқсан күні аяқталады.

Қазақстан заңы бойынша, мұндай куәлігі бар адам экстрадицияланбайды.
Бірақ 24 қарашаға жоспарланған жиында арнайы комиссияның қандай шешім қабылдары белгісіз.

Ақтөбе облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Қонжардың сөзінше, “Қазақстаннан пана іздеуші”куәлігінің мерзімін ұзарту не ұзартпау, болмаса Юлдашеваға босқын мәртебесін беру-бермеу мәселесін бірнеше мемлекеттік мекеме өкілінен құралған комиссия шешеді. Ол комиссияның құрамында ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі саясат, көші-қон басқармасы, білім мен денсаулық сақтау саласының өкілдері бар.

Қарақалпақ белсендісі Тілеубике Юлдашева 2022 жылғы 13 қарашада Қазақстанның Ақтөбе облысы мен Ресейдің Орынбор облысы шекарасындағы "Жайсаң" бекетінде ұсталған. Қазақстан шекарашылары Юлдашеваны "халықаралық іздеу жарияланған адам" деп Ресейге өткізбей қойған.

Бұған дейін Қазақстанда қарақалпақтың төрт белсендісі – Қошқарбай Төремұратов, Жангелді Жақсымбетов, Раиса Құдайбергенова мен Зиуар Мирманбетова ұсталған еді.


"Бұл азаматтардың басым көпшілігінен өзбек билігі 2022 жылғы шілде айының басындағы Нүкіс оқиғасынан кейін "конституциялық құрылысқа нұқсан келтірмек болды" деп күдіктеніп отыр " деген еді Азаттыққа Адам құқықтары мен заңдылықтарды сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы.

Халықаралық бюро өкілінің хабарлауынша, Тілеубике Юлдашева 2020 жылғы қаңтар айынан бері Қазақстанда тұрған. Өз елінде саяси себеппен қудаланудан қауіптенгендіктен, Нүкіс оқиғасынан соң Қазақстаннан пана сұраған. Бюро қарақалпақ белсендісіне жан-жақты құқықтық қолдау көрсетілетінін хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, құқық қорғаушы Тілеубике Юлдашева Қарақалпақстанда 2013-2014 жылдары қоғам белсендісі ретінде көзге түсе бастаған. "Өзбек билігінің қысымына қарамаcтан", Қарақалпақстанның тәуелсіздігін талап еткен акцияларды белсенді түрде қолдаған. Өзбек билігінен қысым көрген қарақалпақ белсенділерінің құқығын қорғаған.

Осыған дейін Қазақстанда қарақалпақ белсенділерінің ұсталуына алаңдаған халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеген. Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес, кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын құлаққағыс еткен.

Нөкіс оқиғасы 2022 жылы 1 шілдеде Өзбекстанның жаңа конституциясының жобасы жарияланғанда басталған. Жаңа конституцияда Қарақалпақстанды егемендігінен айыру көзделген. Нөкістегі қантөгістен кейін Өзбекстан парламенті Қарақалпақстанның егемендігін конституцияда қалдырған.

Өзбекстан билігінің мәліметінше, Нөкіс оқиғасында 21 адам өлген. Тәуелсіз бақылаушылар жаппай наразылық кезінде 77 адам өлген деп санайды. 500-ден астам адам ұсталған. Осы оқиғадан соң өзбек билігі Нүкіс оқиғасына қатысқан қарақалпақ белсенділерін ұстап, соттаған.

Басқа да жаңалықтар

Астанада бокстан өтетін әлем кубогы кезеңіне қатысатын қазақстандықтар анықталды

Қазақстандық Айбек Оралбай (оң жақта) бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінде 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сайысқа қатысады.
Қазақстандық Айбек Оралбай (оң жақта) бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінде 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сайысқа қатысады.

30 маусым мен 7 шілде аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында бокстан әлем кубогының кезекті кезеңінің сайыстары өтеді.

Осы жарысқа Қазақстан ұлттық құрамасы қатарында қатысатын әйелдер мен ерлер командалары анықталды деп хабарлады 29 маусым күні Қазақстанның ұлттық олимпиада комитеті.

Әйелдер командасы:

Назым Қызайбай - 48 келі салмақ дәрежесінде;

Алуа Балқыбекова - 51 келі;

Әнел Сақыш - 54 келі;

Айдана Забынбекова - 57 келі;

Виктория Графеева - 60 келі;

Аида Әбікеева - 65 келі;

Наталья Богданова - 70 келі;

Надежда Рябец - 75 келі;

Гүлсая Ержан - 80 келі;

Елдана Тәліпова - 80 келіден жоғары салмақта.


Ерлер командасы:

Санжар Тәшкенбай - 50 келі;

Махмұд Сабырхан - 55 келі;

Серік Теміржанов - 60 келі;

Ертуған Зейнуллинов - 65 келі;

Абылайхан Жүсіпов - 70 келі;

Сабыржан Аққалықов - 75 келі;

Нұрбек Оралбай - 80 келі;

Бекзад Нұрдәулетов - 85 келі;

Сағындық Тоғамбай - 90 келі;

Айбек Оралбай - 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде.

Зеленский Украина Оттава шартынан шығатыны жайлы жарлыққа қол қойды

Украина президенті Владимир Зеленский елдің ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің Украина жаяу әскерге қарсы миналарды қолдануға тыйым салатын конвенциядан шығатыны туралы шешімін күшіне енгізетін жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Жоғарғы Раданың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің хатшысы Роман Костенко хабарлаған.

"Бұл – соғыс шындығы әлдеқашан талап еткен қадам. Ресей бұл конвенцияның тарапы емес және біздің әскери қызметкерлер мен бейбіт тұрғындарымызға қарсы миналарды жаппай қолданып жүр. Жау ешқандай шектеусіз әрекет етіп жатқанда, біз өзімізді байлап қоюға жол бере алмаймыз", – деді Костенко. Ол бұл мәселені енді Жоғарғы Рада қарастыруы тиіс екенін айтты.

Құжат мәтіні Украина президентінің ресми сайтында жарияланды.

Бұған дейін осы аптада Литва мен Эстония Оттава шартынан шығатынын БҰҰ-ға ресми түрде хабарлаған. Бұл елдер БҰҰ-ны ескерткеннен кейін алты ай өткен соң конвенция мүшесі болуды ресми түрде доғарады.

Балтық елдерінің барлығы, Польша мен Финляндия да осы шарттан шығуға ниетті екенін мәлімдеді. Аталған елдердің барлығы Ресеймен шектеседі және Ресей Оттава шартына ешқашан қосылған емес. Ол елдер өз шешімін аймақта НАТО мүшелерінің қауіпсіздік жағдайы нашарлағанымен түсіндірді.

Оттава шарты жаяу әскерге қарсы миналарды әзірлеуге, қолдануға, сақтауға және таратуға тыйым салады. Бұл конвенцияға 1997 жылы Оттава қаласында 122 елдің өкілдері қол қойған. Оған қатысушы елдер "жаяу әскерге қарсы миналар туғызатын азап пен қайғы-қасіретке нүкте қоюға бел байлағанын" мәлімдеп, қарудың осы түрінен ең көп зардап шегетіндер – бейбіт тұрғындар екеніне назар аударған. Құжатта жаяу әскерге қарсы миналарды қолданудан толық бас тарту, оларды өндіру мен жинақтауды тоқтату, барлық қорларды (тек минадан тазарту оқытуына қажет аздаған бөлігінен басқасын) жою және миналанған аумақтарды тазарту көзделген.

Ресей де, АҚШ та, Қытай да Оттава шартына қосылмаған.

Украина Оттава шартына 2005 жылы қосылды және Ресей 2022 жылы кең көлемді басқыншылық соғыс ашқанға дейін Украина өзіндегі мина қорларының елеулі бөлігін жойып үлгерген. Миналарды жою Донбаста соғыс болып жатқан кезде де жүргізілген.

Иран басылымы: Эвин түрмесіне Израиль жасаған шабуылдан 71 адам қаза тапқан

Израиль шабуылынан бүлінген Эвин түрмесінің маңын техникамен тазалап жатыр. Тегеран, Иран, 25 маусым, 2025 жыл
Израиль шабуылынан бүлінген Эвин түрмесінің маңын техникамен тазалап жатыр. Тегеран, Иран, 25 маусым, 2025 жыл

2025 жылғы 23 маусымда Израиль Тегерандағы Эвин түрмесіне жасаған шабуыл салдарынан 71 адам қаза тапқан. Мұндай деректі Иранның сот билігінің өкілі Асғар Жахангирдің сөзіне сүйеніп, ирандық Mizan ақпарат агенттігі хабарлады.

Оның мәлімдеуінше, қаза тапқандар арасында тұтқындар және олармен кездесуге барған туыстары, әкімшілік қызметкерлері, әскерге шақырылғандар және көршілес үйлердің тұрғындары бар. Жахангир тағы бірнеше адам жараланды деп айтқан.

23 маусым күні Израиль қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) авиациясы Иран астанасына шабуыл жасаған еді. Израильдің бұқаралық ақпарат құралдары ол кезде авиация Эвин түрмесінің қақпасына "символды соққы" жасаған деп хабарлады. Бұл түрме саяси тұтқындар, журналистер, белсенділер мен шетел азаматтары қамауда отырған, ең қатаң күзетілетін мекеме ретінде белгілі.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац шабуыл нысанасына Иран астанасының қақ жүрегіндегі "режим нысандары мен үкіметтің репрессиялық құрылымдары" алынды деп мәлімдеген.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Эвин түрмесінде шетел азаматтары, соның ішінде екі француз азаматы да қамауда отыр. Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро осы шабуылдан кейін X әлеуметтік желісінде түрмеге жасалған бұл соққы француз азаматтарының өмірін қауіп төндіргенін айтып, "бұл – мүлде орынсыз", – деп жазды.

  • 13 маусымда Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс шырқау шегінен асып, Израиль Ирандағы ядролық және әскери нысандарға шабуылдар бастаған, салдарынан Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар ғалымдар мен әскери басшылығының өкілдері қаза тапты. Израиль бұл операцияның мақсаты – Иранды ядролық қару жасау мүмкіндігінен айыру деп мәлімдеді. Иран шабуылға қарымта ретінде Израильге зымырандар атты.

Ресей түн жамылып Украинаға жүздеген дрон мен зымыран ұшырған

Ресей шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйден адамдарды құтқару. Смела қаласы, Черкасск облысы, Украина, 29 маусым, 2025 жыл.
Ресей шабуылынан бүлінген көпқабатты тұрғын үйден адамдарды құтқару. Смела қаласы, Черкасск облысы, Украина, 29 маусым, 2025 жыл.

Ресей 29 маусымға қараған түні Украинаны нысанаға алып, 537 дрон мен зымыран ұшырды, олардың 475-і әуеде жойылды деп мәлімдеді Украина армиясының әуе күштері.

Деректерге қарағанда, түнгі шабуылда Ресей "шахед" тектес дрондар мен баллистикалық және қанатты зымырандарды араластыра қолданған.

Украина қарулы күштерінің дерегінше, әуе шабуылы алты нысанаға дөп тиген, сегіз жерде дрон сынықтары құлағаны тіркелген. Кременчуг, Николаев, Львов, Запорожье және басқа қалаларда жарылыстар болған. Шабуылдан келген залал мөлшері анықталып жатыр.

Львов, Полтава, Черкасск, Николаев және Запорожье облыстарында нысандар шабуылға ұшыраған.

Черкасск облысындағы Смела қаласында шабуыл салдарынан алты адам зардап шеккен, арасында бір бала бар. Алдын ала мәлімет бойынша, тоғыз қабатты үш тұрғын үйге зақым келген. Ұлттық тағам технологиялары университетінің жергілікті колледжі едәуір бүлінгенін облыс әкімшілігінің басшысы Игорь Табурец хабарлады.

Ресейдің әуе шабуылынан Ивано-Франковск облысындағы Нараево елді мекенінде бір тұрғын зардап шеккен, оның үйі де бүлінген. Васючин ауылында шіркеу мен қоңырау мұнарасына зақым келген.

Түнгі шабуылды тойтару барысында F-16 ұшағын басқарған украин ұшқышы Максим Устименко қаза тапқан.

"Ұшқыш ұшақтағы қарудың оқтарын толық пайдаланып, жеті әуе нысанасын атып түсірді. Соңғы нысананы көздеп жатқан сәтте оның ұшағына зақым келіп, әуеден жерге күрт құлдилай бастады. Максим Устименко ұшақты адамдар тұратын аймақтан аулаққа әкету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда катапультті пайдалануға үлгермеді", – делінген хабарламада.

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің әуе шабуылы "өмір сүруді қамтамасыз ететін бәрін" нысанаға алды деп жазды әлеуметтік желідегі парағына. Ол әскери ұшқыш, подполковник Максим Устименконың қазасының жай-жапсарын анықтауды тапсырды.

Зеленский осы аптада Ресей күштері Украинаны нысанаға алып, 114-тен астам зымыран, 1270-тен аса дрон және 1100-ге жуық басқарылатын авиабомба қолданғанын айтты.

Украина президенті басқыншылық соғысты тұтатқан Ресейге халықаралық қысымды күшейтуге және Киевке әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын беруге шақырды.

Yle: Ресей Қазан қаласындағы әскери ұшақ шығаратын зауытты кеңейтіп жатыр

Ресей әскери әуе күштерінің Ту-160 ұшағы (архивтегі фото)
Ресей әскери әуе күштерінің Ту-160 ұшағы (архивтегі фото)

Ресей Татарстан астанасындағы стратегиялық бомбалаушы ұшақ шығаратын және жетілдіретін авиация зауытын кеңейтіп жатыр. Финляндияның Yle телерадиокомпаниясы спутниктен түсірілген суреттерге жасалған талдауға сүйеніп осылай деп хабарлады.

Суреттер қыс мезгілінде зауыт аумағында ірі өндіріс ғимараттары бой көтергенін көрсетеді. Олардың ең үлкенінің аумағы шамамен 19 мың шаршы метрге – үш футбол алаңына тең.

Қазан қаласындағы бұл зауыт Ресейдің әскери әуе күштері пайдаланатын Ту-22М3 және Ту-160М бомбалаушы ұшақтарын шығарып, жетілдіреді, оған қоса Ту-160М2 ұшағының жаңа үлгісін құрастырумен айналысады. Алайда 2024 жылы бар болғаны төрт әскери ұшақ – екі Ту-160М2 және екі Ту-160М ғана пайдалануға берілген.

Yle басылымының мәліметінше, Қазан қаласындағы бұл зауыт – 2024 жылы маусым айының басында Украинаның қауіпсіздік қызметі Ресей аумағында іске асырған "Өрмек" операциясы кезінд зақымданған немесе жойылған ресейлік әскери стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды алмастыруға қабілетті жалғыз кәсіпорын саналады.

Бұған қоса, Қазандағы кәсіпорын Ту-204 азаматтық авиация ұшағын шығарады және жаңа үлгідегі Ту-214 ұшағын жасауға тиіс. Алайда 2025 жылы тек бір Ту-214 ұшағы дайын болмақ және де ол Батыста жасалған бөлшектерден құрастырылған соңғы нұсқа болмақ. Бұл ұшақтарды Ресейдің қорғаныс министрлігі, федерацияның қауіпсіздік қызметі және жоғары лауазымды тұлғаларды тасымалдайтын "Россия" арнайы әуе тобы пайдаланады.

2024 жылғы 1 маусымда Украина қауіпсіздік қызметі іске асырған "Өрмек" операциясы барысында дрондар Ресейдің төрт өңіріндегі әскери аэродромдарға шабуыл жасады. Олардың арасында Оленья, Белая, Иваново-Северный және Дягилеводағы әскери әуе базалары бар. Батыс барлау қызметтерінің бағалауынша, шабуыл салдарынан шамамен 40 ресейлік ұшақ зақымданған, оның 10-13-і толық жойылған.

Украина президенті Владимир Зеленский "Өрмек" операциясы нәтижесінде 41 ұшақ зақымданды, олардың жартысы енді қалпына келтірілмейді деп мәлімдеді.

Ал Ресей сыртқы істер министрлігі Зеленскийдің сөзін жоққа шығарып, ұшақтар тек зақымданды, жойылған жоқ деп айтты.

Путин Ресейдің "ядролық қаруын күшейтпек". Соғыс жаңалықтары
please wait

No media source currently available

0:00 0:09:23 0:00

Израиль ХАМАС-тың негізін қалаушылардың бірі өлтірілгенін хабарлады

АҚШ пен Еуропа одағы "террористік ұйым" деп таныған палестиналық ХАМАС тобының қарулы адамдары (архивтегі фото)
АҚШ пен Еуропа одағы "террористік ұйым" деп таныған палестиналық ХАМАС тобының қарулы адамдары (архивтегі фото)

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторында жүргізілген операция нәтижесінде ХАМАС тобының жоғары лауазымды жетекшілерінің бірі Хакам әл-Иссаның көзі жойылғанын мәлімдеді. АҚШ пен Еуропа одағы ХАМАС-ты террористік ұйым ретінде таныған.

ЦАХАЛ мәліметінше, әл-Исса – ХАМАС тобының негізін қалағандардың бірі болып саналады. Ол осы радикал топтың әскери қанатының штаб бастығы қызметін атқарған және 2023 жылғы 7 қазанда Израильге жасалған жихадшылар шабуылын жоспарлауға қатысқан.

Әл-Исса Израильдің бейбіт тұрғындары мен әскери қызметкерлеріне қарсы Газа секторында жасалған шабуылдарды да басқарған дейді Израиль қорғаныс армиясы өкілдері. ЦАХАЛ "7 қазандағы терактіге қатысы бар адамдардың көзін жоюды көздейтін кесімді әрекеттерді жалғастыратынын" мәлімдеді.

Газадағы ахуал қандай?
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:52 0:00

2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС тобы мен жақтастары Израильге шабуыл жасап, салдарынан мыңнан астам адам қаза тапты. 250-ден астам адамды ХАМАС тұтқын ретінде Газа секторына күштеп алып кетті. Кейінгі деректер бойынша, Газа секторында жихадшылардың қолында әлі 50-шақты адам қалып отыр, олардың шамамен 20-сы тірі деген болжам бар.

2023 жылғы қазан айынан бастап Израиль қорғаныс армиясы Газа секторында құрлық операциясын жүргізіп келеді. Оның мақсаты – тұтқындағы адамдарды босату және ХАМАС тобын жою деп жарияланған.

ХАМАС-қа бағынышты Газа денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша, қақтығыс басталғалы бері 56 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан. Қарулы жанжал кезінде бұл ақпаратты тәуелсіз дерек көздерінен анықтап, растау мүмкін болмай отыр.

Израильдің және Батыстың басылымдарының хабарлауынша, АҚШ Израильге соғысты мүмкіндігінше тезірек тоқтатуға және ХАМАС-пен тұтқындарды босату мен атысты тоқтату жөнінде келісімге келуге көндіру мақсатында қысым жасап отыр.

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздерде араағайын рөлін Египет пен Қатар атқарып отыр.

Ливанның Al Akhbar газеті египеттік дипломатиялық дереккөздерге сүйеніп, алдағы күндері АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Египетке барады деп хабарлады. Оның сапары Израильді келіссөздерге қатысуға итермелеуі мүмкін деген болжам айтылып отыр, Израиль әзірге Каирге делегация жібермеген.

Басылым дереккөздері Израильдің атысты тоқтату жайлы ұсынысқа самарқау қарауының себебі екі нәрсеге – Биньямин Нетаньяху үкіметіндегі ішкі келіспеушіліктерге немесе ХАМАС-қа қысымды күшейту үшін уақыт ұтқысы келетіндігіне байланысты деп түсіндірген.

Белградта үкіметке қарсы жаппай шеру болып, полиция мен наразылар қақтығысты

Славия алаңына үкіметке қарсы митингіге жиналған халық. Белград, Сербия, 27 маусым, 2025 жыл.
Славия алаңына үкіметке қарсы митингіге жиналған халық. Белград, Сербия, 27 маусым, 2025 жыл.

28 маусымда Сербия астанасы Белградтағы Славия алаңында өткен үкіметке қарсы митингіге мыңдаған адам қатысты. Оппозициялық шерудің соңы демонстранттар мен полицияның қақтығысына ұласты деп хабарлады осы шарадан тікелей трансляция жүргізген Азаттықтың Балкан қызметі.

Сенбідегі наразылық жиынына негізінен студент жастар жиналған. Белградтың орталығындағы көшелер жабылған. Ішкі істер министрлігі қауіпсіздік шараларының ең жоғары деңгейін енгізген.

Наразылық шеруіне шыққандар биліктен елде кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді талап еткен. Оқиға барысында түсірілген видео мен фотолардан айналасында үкімет мекемелері орналасқан Славия алаңы адамға толғаны көрінеді.

Үстіне арнайы киім киген ондаған полиция қызметкері үкімет ғимараттары мен жақын маңдағы саябақты күзетіп тұрды, ол саябаққа президент Александр Вучичке қолдау білдіріп, елдің әр өңірінен келген адамдардың үлкен тобы жиналған деп хабарлады Reuters.

Үкіметке қарсы митингіге жиналған жұрт. Белград, Сербия, 27 маусым, 2025 жыл.
Үкіметке қарсы митингіге жиналған жұрт. Белград, Сербия, 27 маусым, 2025 жыл.

Сағат 22.00 шамасында митинг саябырсып, наразылардың бір бөлігі Вучичтің жақтастары тұрған жаққа қарай бет алып, алау жаға бастағаннан кейін полиция оларды күшпен таратпақ болған. Оның аяғы демонстранттар мен полицияның қақтығысына ұласқан. Полиция қарсылық танытқандарды тарату үшін жас ағызатын арнайы құрал қолданған. AFP агенттігі журналистері полиция қатты тарсылдап-жарқылдайтын зат қолданды деп хабарлады. Полиция бірнеше адамды ұстаған.

Сербиялық N1 телеарнасы өз тілшісі журналист куәлігін полицияға көрсеткеніне қарамастан, зардап шеккенін хабарлады.

Студенттер мен оппозиция Сербияның қазіргі билігін отставкаға кетуді және 2024 жылғы қарашада Нови-Сад қаласында теміржол вокзалында бетон қалқаның құлауынан 16 адамның қаза табуына байланысты оқиғаны тергеуді талап етіп келеді. Наразылық білдірушілер 2012 жылдан бері билік басында отырған президент Александр Вучич пен оның партиясын елдегі жағдайға жауапты деп санайды.

Сенбі күні студенттер митингісімен қатар Белградта үкіметті қолдайтындар да өз акциясын өткізді. Вучичтің жақтастары парламент ғимаратының алдына жиналды.

Осыдан бір апта бұрын президент Вучич елде зорлық-зомбылық ошақтары пайда болуы мүмкін екенін айтып, билік оған дайын деп мәлімдеген еді.

Баку Екатеринбургтегі әзербайжандарға жасалған рейдтерге байланысты наразылық білдірді

Әзербайжан cыртқы істер министрлігі ғимараты
Әзербайжан cыртқы істер министрлігі ғимараты

Әзербайжан cыртқы істер министрлігі Ресейдің осы елдегі уақытша сенімді өкілі Петр Волоковты шақыртып алып, Екатеринбург қаласында әзербайжан азаматтарына қарсы жүргізілген рейдке байланысты қатты наразылық білдірді.

Министрліктің мәлімдемесінде 27 маусым күні Ресей полициясы жүргізген рейдтер барысында "екі әзербайжан азаматы қатыгездікпен өлтіріліп, бірнеше адам ауыр жараланғаны және тоғыз адам қамауға алынғаны" айтылған.

"Бұл оқиға мұқият тергеліп, зорлық-зомбылық жасаған барлық адам тез арада қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп күтетінімізді жеткіздік, – делінген сырты істер министрлігінің баспасөз хабарламасында.

Ресей СІМ-нің ресми өкілі Мария Захарова Екатеринбургте қылмыстық істер аясындағы шаралар барысында адамдар ұсталған деп мәлімдеді. Оның сөзінше, күдіктілер – Ресей азаматтары.

28 маусымда Әзербайжан СІМ-ге шақыртылған Петр Волоков әзербайжан тарабына қажетті түсініктеме беріп, құқық қорғау органдары жағдайды қадағалап отырғанын жеткізді, – деді Захарова.

Ресейдің Свердлов облысы бойынша Тергеу комитетінің өңірлік басқармасы мен ІІМ бас басқармасының баспасөз қызметтері РБК агенттігіне "өткен жылдардағы қылмыстық істерге байланысты тергеу аясында кешенді шаралар жүргізілгенін" хабарлады. Күдіктілердің үйлеріне тінту жасалған.

Е1 басылымының жазуынша, 27 маусым күні Екатеринбургте шамамен 50 әзербайжан азаматы ұсталған. Полицейлер баса-көктеп кірген кезде бір адам қайтыс болған.

"Оның жүрегі қысып қалды. Жедел жәрдем шақыртылып, алғашқы көмек көрсетілді, оны аман алып қалуға тырысты, бірақ ажалдан алып қала алмады. Өзі егде жастағы адам еді", – деген марқұмды жақсы білетін куәгер басылымға.

Е1 мәліметінше, қайтыс болған азамат – Екатеринбургтегі "Каспий" кафесінің иелері саналатын ағайынды Сафаровтардың бірі. Олар 2001 жылдың мамыр айында дәл сол кафенің маңында кісі қолынан мерт болған кәсіпкерді өліміне қатысы бар деген күдікке ілінген болатын. Ол кезде Сафаровтардың оқиғаға қатысы бары дәлелденбеген еді.

Иран өзінің ядролық нысандарына МАГАТЭ басшысын кіргізбейді

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси
МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси

Иран енді Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гроссиді елдегі ядролық нысандарға кіргізбейді және бейнебақылау камераларын орнатуға рұқсат бермейді. Бұл туралы Иран парламенті төрағасының орынбасары Хамид Реза Хажи Бабаи мәлімдеді. Оның айтуынша, Батыстың Иранға қысым көрсету әрекеттері, соның ішінде МАГАТЭ-нің іс-қимылы — "АҚШ-тың иран халқына қарсы жаулығының бір бөлігі", деп хабарлады Mehr агенттігі.

25 маусымда Иран парламенті халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімді мақұлдаған. Тегеранның мәлімдеуінше, ядролық нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, ядролық бағдарламаның бейбіт мақсаттағы сипаты расталмайынша, МАГАТЭ инспекторларының ол нысандарға кіруіне тыйым салынады.

Бұл шешім Иран мен Батыс арасындағы саяси жанжалдың жалғасы іспетті болып отыр. Иран МАГАТЭ-ні бейтарап құрылым емес, қысым көрсету құралы көреді.

Иранның ядролық бағдарламасы 1950-жылдары басталғанымен, 2000-жылдардың басынан бері Тегеран ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп бірнеше рет айыпталған. 2015 жылы уран байытуды шектеу және санкцияларды жеңілдету мақсатында Иран мен әлемдік державалар ядролық келісімге қол қойған. Алайда 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен біржақты түрде шығып кеткен соң Иран ядролық бағдарламасын қайта бастады.

Жуырда болған әскери жанжалға дейін Тегеран мен Вашингтон ядролық келісімге оралу жөнінде келіссөздер жүргізгенімен, әзірге нәтиже шықпады. Жағдай шиеленісіп тұрған шақта Иран МАГАТЭ инспекциясын шектеп, қару жасау деңгейіне жақын уран өндірісін бастаған.

Иран — Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қол қойған мемлекет. Бұл мәртебе МАГАТЭ өкілдеріне елдегі ядролық нысандарды тексеруге құқық береді. Кейінгі кезге дейін МАГАТЭ инспекторлары Иранның ядролық нысандарының жұмысын бақылап келген. МАГАТЭ сондай-ақ Израильдің жуырдағы әуе шабуылдары салдарынан Иранның ядролық нысандарына келген зиянды бағалаған еді.

Иран Израиль шабуылынан қаза тапқан әскерилері мен ғалымдарын жерледі

Әскерилер мен ғалымдарды соңғы сапарға шығарып салуға келген халық. Тегеран. 28 маусым 2025 жыл.
Әскерилер мен ғалымдарды соңғы сапарға шығарып салуға келген халық. Тегеран. 28 маусым 2025 жыл.

28 маусымда Иран Израильмен болған 12 күндік қақтығыста қаза тапқан 60-қа жуық әскерилер мен ядролық ғалымдарды жерледі. Иран туы жабылған табыттарды Тегеранның орталық алаңынан алып жүрді. Әскерилер мен ғалымдарды соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды.

Жерленгендер арасында Иран қарулы күштерінің басшысы Мохаммад Бакери, Иранның ислам революциясы сақшылары корпусының 2019 жылдан бергі қолбасшысы генерал-майор Хоссейн Салами және Тегерандағы Азад университетінің ректоры, ядролық ғалым Мохаммад Мехди Техранчи бар бар.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды және режимнің әскерилерін өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.

22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.

Ресей Одессаға дрондармен шабуылдап, екі адам қаза тапты. 17 адам жараланды

Дрон шабуылынан өртенген үй. Одесса, 28 маусым 2025 жыл.
Дрон шабуылынан өртенген үй. Одесса, 28 маусым 2025 жыл.

28 маусымға қараған түні Ресей әскері Украинаның Одесса қаласын дрондармен шабуылдап, ерлі-зайыпты қаза болды. Дрондардың бірі 21-қабатты үйге соғылып, 7-9 қабаттың арасында өрт шыққан. Кейбір тұрғындар пәтерлерінен шыға алмай қалған.

Одесса мэрі Геннадий Труханов пен Одесса облысы әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипер шабуылдан ерлі-зайыпты қаза тапқанын, тағы 17 адам зардап шеккенін хабарлады. Жараланғандар арасында үш бала бар.

Украина әуе күштері Ресей 23 дронмен шабуылдағанын, дрондардың көбі Одесса облысына бағытталғанын мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, 21 дрон құлатылған, біреуі бағытынан жаңылған.

Трамп Хаменеиді "масқара өлімнен сақтап қалдым" дейді

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеи. Коллаж.
АҚШ президенті Дональд Трамп пен Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеи. Коллаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның рухани көсемі аятолла Али Хаменеидің мәлімдемелерінен соң Тегеранға қатысты санкцияларды жұмсартудан бас тартқанын жазды.

26 маусымда Хаменеи телеарнада мәлімдеме жасап, Иран Израильді де, АҚШ-ты да жеңді деген еді.

"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті. Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деген еді аятолла.

Трамп Thuth Social желісінде Хаменеидің мәлімдемесін "ақымақ әрекет" әрі "жалған" деп атады.

"Оның елі құртылды, оның қатерлі үш ядролық нысаны жойылды. Мен оның қайда тығылып отырғанын білдім, бірақ Израиль мен әлемдегі ең күшті әскер АҚШ-тың қарулы күштеріне оның көзін жоюға рұқсат етпедім. Мен оны жаман әрі масқара өлімнен құтқардым" деп жазды Трамп.

Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.

22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.

Украина Ресейдің Су-34 ұшағын жойғанын мәлімдеді

Су-34 ұшағы.
Су-34 ұшағы.

Украина қауіпсіздік қызметі және Украина қарулы күштерінің бас штабы 27 маусым түнде Волгоград облысы Мариновка аэродромында Ресейдің Су-34 әскери ұшағын жойғанын, тағы екеуі бүлінгенін мәлімдеді.

Украина қарулы күштері әскери ұшақтарды алысқа ұшатын дрондар шабуылдағанын айтады. Бұл шабуылдан соң аэродромның техникалық-эксплуатациялық бөлігінде өрт шыққаны хабарланды.

Украина әскерилері Ресейдің Су-34 ұшағымен Украинаға ракетамен және бомбамен шабуылдайды дейді.

Мәскеу тарабы Украинаның хабарламасына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ресей қорғаныс министрлігі тек Волгоград облысында Украинаның 13 дронын атыс түсіргенін хабарлады. Кремльшіл блогерлер де аэродромға шабуыл жайлы ештеңе жазбады.

Путин: Ресей Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын

Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей делегациясы Минскідегі экономикалық форумда. 27 маусым 2025 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин мен Ресей делегациясы Минскідегі экономикалық форумда. 27 маусым 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин 27 маусымда Минскідегі баспасөз мәслихатында Мәскеу Украинамен келіссөздің үшінші кезеңіне дайын деп мәлімдеді.

"Жалпы айтқанда біз дайынбыз. Уақыт пен өтетін жерді келісу керек" деді ол. Путин Түркия президенті Режеп Ердоған "бұл процесті қолдау бойынша бұрынғы ұстанымында қалады деген ойдамын" деп, келіссөзді Стамбулда өткізуді меңзеді.

"Меніңше, келіссөзде екі тараптың меморандумы талқылануы керек" дейді Путин. Оның сөзінше, екі тараптың бір-біріне тапсырған құжаттары қарама-қайшы.

Путин Минскіде баспасөз мәслихатын өткізіп жатқанда Ресей Украинаның Днепропетровск облысындағы Самар қаласына шабуылдап, бес адам қаза тапты. 23 адам жараланған.

Биыл Украина мен Ресейдің арасындағы алғашқы келіссөз 16 мамырда Стамбұлда өткен. Киев келіссөз алдында атысты отыз күнге тоқтатуды ұсынған. Бірақ бұл ұсынысты Мәскеу қабылдамай келеді. Алғашқы келіссөзден соң екі тарап "1000-да 1000" формуласымен тұтқын алмасқан. Бұған қоса, атысты тоқтату үшін талаптарын тізіп, меморандум ретінде тапсыруға келіскен.

Екінші келіссөз 2 маусымда өтіп, тараптар тұтқындағы ауыр жараланған және денсаулық жағдайы ауыр, сондай-ақ 25 жасқа толмаған әскерилерді алмасуға келіскен. Бұған қоса қаза тапқан әскерилердің сүйегін "6000-да 6000" формуласымен алмасуға да уағдаласқан. Маусымның басында да Мәскеу атысты отыз күнге тоқтатуды қабылдамаған.

Журналистер Украинадағы соғыста қаза тапқан 115 мыңнан астам ресейлік сарбазды анықтады

Ресей әскері
Ресей әскері

Ресей Украинаға қарсы ауқымды басқыншылық соғысын бастағалы бері кемінде 115 857 ресейлік әскери қызметші қаза тапқан. Мұндай деректі BBC-дің Орыс қызметі, "Медиазона" және еріктілер тобы ашық ақпарат көздеріне сүйеніп есептеп шығарды.

Соғысқа ерікті ретінде барғандар арасында қаза тапқандар көп. Бұл үрдіс былтырғы жылдың күзінен бері өзгермей тұр, себебі Украинадағы соғысқа қатысып жатқан ресейлік әскери құрамды толықтырудың негізгі жолы – армиямен келісімшартқа отырып, майданға ерікті ретінде барғандар есебінен болып отыр.

Журналистердің есебі бойынша, кемінде 240 ресейлік азамат 18 жасында келісімшартқа отырып, майданда мерт болған. Солардың бірі – Смоленск қаласының тұрғыны Даниил Чистяков. Ол небәрі 18 жыл, 1 ай, 27 күн ғана өмір сүріп, соғыста қаза тапқан. Ал майданда бірнеше күн ғана болған.

Келісімшарт бойынша соғысқа барып, 18 жасында қаза тапқан тағы бір ресейлік сарбаз – Иркутск облысының тумасы Виталий Иванов. Оның анасы Анна баласы екі апталық дайындықтан кейін әскери барлаушы мамандығын алғанын, ал 2025 жылғы 5 ақпанда алғаш рет әскери тапсырма бойынша ұрысқа жіберілгенін айтты.

"Бұл оның алғашқы әрі соңғы ұрыс тапсырмасы болды", – деп еске алды анасы.

2025 жылғы 4 наурызда оған әскери комиссариаттан қоңырау шалып, Виталий 11 ақпанда соғыста қаза тапқанын хабарлаған. Ол майдан шебінде бар болғаны бір аптаға жуық уақыт болған.

2023 жылы Ресейде қабылданған жаңа заң бойынша, мектеп бітірген, кәмелетке толған жастарға келісімшартпен әскери қызмет атқаруға рұқсат берілді. Оған дейін келісімшартпен әскери қызметке қабылдану үшін жоғары немесе орта кәсіптік білім болуы шарт еді.

Тағы

XS
SM
MD
LG