Ресей 29 маусымға қараған түні Украинаны нысанаға алып, 537 дрон мен зымыран ұшырды, олардың 475-і әуеде жойылды деп мәлімдеді Украина армиясының әуе күштері.
Деректерге қарағанда, түнгі шабуылда Ресей "шахед" тектес дрондар мен баллистикалық және қанатты зымырандарды араластыра қолданған.
Украина қарулы күштерінің дерегінше, әуе шабуылы алты нысанаға дөп тиген, сегіз жерде дрон сынықтары құлағаны тіркелген. Кременчуг, Николаев, Львов, Запорожье және басқа қалаларда жарылыстар болған. Шабуылдан келген залал мөлшері анықталып жатыр.
Львов, Полтава, Черкасск, Николаев және Запорожье облыстарында нысандар шабуылға ұшыраған.
Черкасск облысындағы Смела қаласында шабуыл салдарынан алты адам зардап шеккен, арасында бір бала бар. Алдын ала мәлімет бойынша, тоғыз қабатты үш тұрғын үйге зақым келген. Ұлттық тағам технологиялары университетінің жергілікті колледжі едәуір бүлінгенін облыс әкімшілігінің басшысы Игорь Табурец хабарлады.
Ресейдің әуе шабуылынан Ивано-Франковск облысындағы Нараево елді мекенінде бір тұрғын зардап шеккен, оның үйі де бүлінген. Васючин ауылында шіркеу мен қоңырау мұнарасына зақым келген.
Түнгі шабуылды тойтару барысында F-16 ұшағын басқарған украин ұшқышы Максим Устименко қаза тапқан.
"Ұшқыш ұшақтағы қарудың оқтарын толық пайдаланып, жеті әуе нысанасын атып түсірді. Соңғы нысананы көздеп жатқан сәтте оның ұшағына зақым келіп, әуеден жерге күрт құлдилай бастады. Максим Устименко ұшақты адамдар тұратын аймақтан аулаққа әкету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады, алайда катапультті пайдалануға үлгермеді", – делінген хабарламада.
Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің әуе шабуылы "өмір сүруді қамтамасыз ететін бәрін" нысанаға алды деп жазды әлеуметтік желідегі парағына. Ол әскери ұшқыш, подполковник Максим Устименконың қазасының жай-жапсарын анықтауды тапсырды.
Зеленский осы аптада Ресей күштері Украинаны нысанаға алып, 114-тен астам зымыран, 1270-тен аса дрон және 1100-ге жуық басқарылатын авиабомба қолданғанын айтты.
Украина президенті басқыншылық соғысты тұтатқан Ресейге халықаралық қысымды күшейтуге және Киевке әуе шабуылынан қорғаныс құралдарын беруге шақырды.