Иран өзінің ядролық нысандарына МАГАТЭ басшысын кіргізбейді

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Гросси

Иран енді Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гроссиді елдегі ядролық нысандарға кіргізбейді және бейнебақылау камераларын орнатуға рұқсат бермейді. Бұл туралы Иран парламенті төрағасының орынбасары Хамид Реза Хажи Бабаи мәлімдеді. Оның айтуынша, Батыстың Иранға қысым көрсету әрекеттері, соның ішінде МАГАТЭ-нің іс-қимылы — "АҚШ-тың иран халқына қарсы жаулығының бір бөлігі", деп хабарлады Mehr агенттігі.

25 маусымда Иран парламенті халықаралық агенттікпен ынтымақтастықты тоқтату туралы шешімді мақұлдаған. Тегеранның мәлімдеуінше, ядролық нысандардың қауіпсіздігіне кепілдік беріліп, ядролық бағдарламаның бейбіт мақсаттағы сипаты расталмайынша, МАГАТЭ инспекторларының ол нысандарға кіруіне тыйым салынады.

Бұл шешім Иран мен Батыс арасындағы саяси жанжалдың жалғасы іспетті болып отыр. Иран МАГАТЭ-ні бейтарап құрылым емес, қысым көрсету құралы көреді.

Иранның ядролық бағдарламасы 1950-жылдары басталғанымен, 2000-жылдардың басынан бері Тегеран ядролық қару жасауға ұмтылып отыр деп бірнеше рет айыпталған. 2015 жылы уран байытуды шектеу және санкцияларды жеңілдету мақсатында Иран мен әлемдік державалар ядролық келісімге қол қойған. Алайда 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен біржақты түрде шығып кеткен соң Иран ядролық бағдарламасын қайта бастады.

Жуырда болған әскери жанжалға дейін Тегеран мен Вашингтон ядролық келісімге оралу жөнінде келіссөздер жүргізгенімен, әзірге нәтиже шықпады. Жағдай шиеленісіп тұрған шақта Иран МАГАТЭ инспекциясын шектеп, қару жасау деңгейіне жақын уран өндірісін бастаған.

Иран — Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қол қойған мемлекет. Бұл мәртебе МАГАТЭ өкілдеріне елдегі ядролық нысандарды тексеруге құқық береді. Кейінгі кезге дейін МАГАТЭ инспекторлары Иранның ядролық нысандарының жұмысын бақылап келген. МАГАТЭ сондай-ақ Израильдің жуырдағы әуе шабуылдары салдарынан Иранның ядролық нысандарына келген зиянды бағалаған еді.